Главная страница » Клуб жаңалықтары » Аты аңызға айналған «Елімай» қайта оралды

Аты аңызға айналған «Елімай» қайта оралды

Қазақ даласындағы ең алғашқы футбол клубы Семей қаласында ашылды. Заманның заңғар жазушысы М.Әуезовтің сол команда құрамында жартылай қорғаушы позициясында өнер көрсетуі – соған дәлел. Тәуелсіздік алған жылдары әлемдегі ең
кең тараған спорт түрі бұл өңірде де кеңінен қанат жайды. Жергілікті «Елімай» футбол клубы ел біріншілігінде ең азулы  командалардың қатарында болды.

Дегенмен өңірлерді оңтайландыру кезінде облыс жабылып, Шығыс Қазақстанға қосылып, арада ширек ғасыр өткенде ұлы Абай есімімен қайта құрылғанға дейін бұл сала тоқырап, тоқтап, стадиондар қаңырап бос қалды. Жас футболшыларды тəрбиелеу
барысында да келеңсіздік орын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысын құру туралы шешімінен кейін облыспен қатар «Елімай» командасы да еңсесін қайта тіктей бастады.

Айта кетелік, өткен ғасырдың 90-жылдарындағы «Елімай» құрамы еліміздің кəсіби футболында бірқатар рекордтар орнатты. Сол уақытта Семей командасы Қазақстанның алғаш үш дүркін чемпионы атанды (1994, 1995, 1998), бір маусымда бірінші болып (1995) ұлттық біріншіліктің алтынын, сондай-ақ Қазақстан Кубогі мен
Суперкубогін жеңді.

Бүгінде «Елімай» ел біріншілігінің үздіктері қатарында. Сүйікті командасына деген халықтың ынта-ықыласы да ерекше. Кезекті матчы өткен күні жергілікті орталық стадион жанкүйерлерге лық толады. Тұрғындарға əрбір футбол күні үлкен мерекеге айналған. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін
айтулы футбол ойынын күтіп, кассаларда ұзын-сонар кезектер тудырады.

Облыстық футбол федерациясы қалың бұқара арасында футбол ойынын кеңінен таратуға да жете көңіл бөліп келеді. Бұқаралық спортқа деген осындай қамқорлықтың арқасында 1000-ға жуық бүлдіршін «Елімай» футбол орталығында тегін экипировкамен жабдықталып, кəсіби бапкерлердің қарамағында жаттығады. Əр
жыл сайын өтетін «Ашық есік» күніне келушілер қатары артып келеді. Команданың қайта жандануы спортқа қызығушылығы бар, болашақта «Елімайдың» негізгі құрамында ойнасам деген балалардың арманына қанат
бітіріп отыр.

Клуб басшылығы тек қалалық жас жеткіншектерді ғана емес, алыс шалғайдағы аудан, ауылдардың балаларын да назардан тыс қалдырмайды. Жуырда ғана Көкпекті ауданына барып, футболға керекті жабдықтарды табыстап, орталықтың кəсіби
бапкерлері ашық жаттығу өткізіп, ішіндегі үздіктерін қойын дəптерлеріне түртіп алды.

«Елімай» футбол клубының өткенге көз жүгірте отырып, алға қойған мақсаттары да жоғары. Осыдан 30 жыл бұрын ең алғашқы
чемпиондығына қол жеткізген команда бұл жолы да биік тұғырдан көрінгісі келеді.

Семей қаласы футболдың мекені деген ұғым ұзақ жыл сөз жүзінде ғана айтылып келді.
Қазіргі таңда нақты жүзеге асырылып жатыр. Оған дəлел – əрбір ауладағы жасыл алаңдар мен жаңадан бой көтеріп келе жатқан стадиондар. «Ұшақтар» шағын
ауданында жыл он екі ай футбол ойнауға жарамды жабық манежді, 1000 көрерменді еркін қабылдайтын стадион құрылысы
аяқталуға жақын. Осы жылы алғашқы қар жауғанша аяқталады деп жоспарланған құрылыстың тезірек пайдалануға берілуін жұрт асыға күтіп жүр.

Қуат ҚИЫҚБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Абай облысы

Тақырып бойынша материалдар

Қазақстан футболының жаңа дәуіріне тағы бір қадам

10 тамыз күні Семей қаласында «Елімай» футбол клубы» КеАҚ-ның алғашқы Директорлар кеңесінің отырысы өтті. Бұл – Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби футболды коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудағы келесі қадам. Директорлар кеңесі мына құрамда бекітілді: ✅Нұрбаев Орман Кәрімұлы – Директорлар кеңесінің төрағасы, «Шәкәрім Университеті» КеАҚ-ның директоры ✅Дюсупов Алтай Ахметқалиұлы –

Бүгін біздің облыс ұлы ойшыл Абайдың 180 жылдық мерекесін атап өтуде – бұл күн тек осы жерде туған және өскен әрбір жан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды күн!

«Елімай» футбол клубы үшін бұл мереке туған өлкеміздің тарихы мен мәдениетіне деген мақтаныш қана емес, сонымен қатар болашаққа батыл қадам жасау мүмкіндігі болып отыр. Мерейтой күні біз Біріккен Араб Әмірліктерінің United Football Academy футбол орталығымен әрі БАӘ біріншілігінде ойнайтын United футбол клубымен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойдық . Бұл келісім

Акмаль Бахтияров Елімай сапында дебюттік ойынын өткізді

Қазақстан премьер лигасының 5 туры аясында Елімай өз алаңында біріншілік үздіктерінің қатарында келе жатқан Тобол командасын қабылдады. Тартысты ойында 5 гол соғылды. Елімай сапындағы Роман Муртазаев пен Иван Свиридов екі гол соғып жанкүйерге үміт сыйлады. Ойынның екінші бөлігінде қатарымызға жаңадан қосылған Акмаль алаңға шығып Елімай сапындағы дебюттік ойынын өткізді.