«Елімай» футбол клубының ресми парақшасы

Семей қаласындағы «Спартак» стадионы ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмей тұралап қалғаны жасырын емес. Соның салдарынан біздің клуб жаңа маусымның алғашқы ойындарын сырт алаңдар да өткізуге мәжбүр болды. Тіпті үйдегі ойынды Кереку қаласында қабылдадық. Енді сүйікті жанкүйерлеріміздің қолдауын сезінетін күн алыс емес. Себебі қазақ футболының отанындағы стадионның жөндеу жұмыстары 26-сәуірге дейін аяқталады деп күтілуде. 

26-сәуір 17:00-де қайта құрылған Елімайдың QFL премьер-лигасында бақ сынайтын ойыншылары мен көрісетін керемет мүмкіндік. Сонымен қатар жасөспірімдердің жұлдызын жағуға бағытталған Freedom QJ League-да доп тебетін семейлік жампоздарды әрі бүгін ғана Екінші лиганы тең есеппен бастаған «Елімай М» ұжымы таныстырылады. 400-ге жуық бүлдіршін әлемнің нөмірі бірінші спорты футболмен емін-еркін айналысуы үшін, Елімай футбол орталығы екінші жыл қатарынан жұмысын бастайды. Академиялық біліктіліктерін шет елге барып шыңдап келген бапкерлік құрамның жаңа тізімі де шет қалмайды. 

Семейдегі ғаламат футбол  оқиғасы 28-сәуір күні 14:00-де «Елімай» — «Ордабасы» ойыны мен жалғасын табады. Қос ұжым Түркиядағы оқу жаттығу жиыны барысында «Қысқы кубок» ойынын да кездескен болатын. Бұл жолы Семей төрінде өтетін ойынның артар жүгі ауыр болайын деп тұр. Жанкүйерлердің қолдауы осы бүр тұста маңызды рөл атқарады. Қазақ футболының отанындағы теңбіл доп додасын да барша жанкүйерлерді клубты қолдауға шақырамыз. Билеттер туралы алдын-ала хабарлаймыз!