«Елімай» футбол клубы «Қайратпен» өткен матчта көрсеткен керемет қолдауларыңыз үшін шын жүректен алғыс білдіреді. Бұл ұмытылмас кеште біз қазақ футболының отаны Семей екенін тағы бір мәрте дәлелдік. Кеше біз тарихи жетістікке қол жеткізіп қана қоймай Семей футболының тарихында болмаған сенсацияның куәгері болдық. Себебі бұған дейін стадионда мұнша жанкүйерлер ешқашан жиналмаған. Ең бастысы сіздер осы оқиғаның бір бөлшегі болдыңыздар!
Келтірілген қолайсыздықтар үшін тағы да кешірім сұраймыз және клуб мұның қайталанбауы үшін бар күшін салатынын айтқымыз келеді. Біз тегін балалар билеттерімен тәжірибе жасадық, ол өкінішке орай жоспарланғандай болмады. Осыған байланысты біз матчтарды ұйымдастыру бойынша еуропалық стандарттарға көшетін боламыз.
Әлемдік дәстүр бойынша жанкүйерлер өз командасының матчтарына алдын-ала жиналады әрі ойын басталғаннан кейін стадион есігі жабылады. Келесі ойыннан бастап оңтүстік беттегі кіреберіс қосымша ашылып қағаз билеттер бойынша стадионға кіру оңтүстік кіреберіс арқылы жүзеге асырылады. Электронды түрдегі билетпен негізгі есік арқылы кіре аласыз. Төрешінің ысқырығы естілгеннен кейін стадионға кіру мүмкіндігі болмайды.
Сонымен қатар, матчқа алдын-ала келетін жанкүйерлер үшін біз жақсы бонустар дайындаймыз. Бұл тақырып кеңінен талқылануда, кейін қосымша хабарлаймыз.
Құрметті жерлестер! Біз сізден клуб қабылдаған шешімдерге түсіністікпен қарауыңызды сұраймыз. Барлық айтылған шаралар қауіпсіздікті қамтамасыз ету және матчтарды ыңғайлы көру мақсатында қолға алынады.